Кіріспе
► Студент топқа 1 Қорынттықтар 1:17-25 үзіндісін оқып шықсын. Құдайдың адасқандарды құтқару әдісі қандай?
Яһудилер өз халқын азат ететін күшті іздеді. Олар оның нәтиже беретінін дәлелдеу үшін күш белгілері бар хабар алғысы келді.
Басқа ұлттықтар өмірді түсіну және дүниеде табысқа жету үшін даналық іздеді: олар қалаған нәрсеге қалай қол жеткізуге болатынын көрсететін хабарды қалады.
Айқыш мойынсұнушылық пен құрбандықты білдіреді. Билікке ұмтылған еврейлерге бұл әлсіздіктің белгісі болып көрінді. Дүниелік даналықты іздеген басқа ұлттықтарға бұл ақымақтық болып көрінді. Шындығында Құдайдың құдіреті мен даналығы Мәсіхтің өлімінде ашылды. Айқыш Құдайдың әлсіздігі мен ақымақтығы сияқты болып көрінді, бірақ ол адамның барлық күш-жігерінен асып түсті.
Ізгі хабар адамзаттың табиғи, күнәкар қалауларына қайшы келеді. Ол тәубеге келуге және Құдайға мойынсұнуға шақырады. Бұл ақымақтық болып көрінуі мүмкін, өйткені адамдар қалаған нәрсені қалай алуға болатыны туралы естігісі келеді.
Құдай адамдарды құтқару үшін Ізгі хабарды пайдаланады. Ол Ізгі хабар таратуды сенушілерге тапсырды. «Уағыздау» сөзі көпшілік алдында сөйлеп тұрған адамға ғана емес, Ізгі хабарды әртүрлі формада жеткізуге де қатысты. Үзіндінің мағынасы көпшілікке уағыз айту Құдайдың таңдаған әдісі дегенді білдірмейді. Оның мәні мынада: Ізгі хабар - Құдайдың әдісі.
► Айқышты уағыздау сенбейтіндер үшін ақымақтық деп айтқан бұл үзінді нені білдіреді?