Қауымның ілімдері мен тәжірибелері
Қауымның ілімдері мен тәжірибелері
Audio Course Purchase

Search Course

Type at least 3 characters to search

Search through all lessons and sections in this course

Searching...

No results found

No matches for ""

Try different keywords or check your spelling

results found

Lesson 10: Шомылдыру рәсімі

1 min read

by Stephen Gibson


Шомылдыру рәсімінің шығу-тегі

► Студенттердің біріне дауыстап Матай 3:1-12 оқуды ұсыныңыз.

Жаңа Келісімде біз алғаш рет шомылдыру рәсімі туралы оны орындаушы Жақия пайғамбардың қызметінен көреміз. Алайда, оны шығарған Жақия пайғамбар емес. Парызшылдар иудаизмге бет бұрған басқа ұлттық адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізіп, яһудилерді өткізбеді, өйткені олар барлық яһудилер Құдай халқына тиесілі деп ойлады. Жақия пайғамбар шомылдыру рәсіміне басқа мағына берді, сондықтан ол шомылдыру рәсімінен яһудилерді де өткізді.

► Жақия пайғамбар шомылдыру рәсімінен кімді өткізбеді? Неліктен? Бұл бізге осы рәсімге қойылатын талаптар туралы не айтады?

Кейбір парызшылдар шомылдыру рәсімінен өту үшін Жақия пайғамбарға келіп жатты, бірақ ол оларға рұқсат бермеді, себебі олар теріс жолдарынан қайтпаған еді.

Парызшылдар яһуди халқынан шыққандықтан, өздерінде мойындауы тиіс ешбір күнә жоқ деп ойлады. Жақия пайғамбар оларға нағыз Құдайдың халқы – Құдайды сүйетіндер мен Оған қызмет ететіндер екенін түсіндіргісі келді. Тек яһуди болып туылғанына байланысты ғана «Құдайдың халқымын» дейтін адамдар – жеміс бермейтін ағаштың бұтақтарына ұқсайды. Құдай оларды қабылдамайды.

► Студенттердің біріне дауыстап Жохан 3:22-23 және 4:1-2 оқуды ұсыныңыз.

Иса да Өзінің қызметінде шомылдыру рәсімінен өтудің маңыздылығын атап өтті. Ол шомылдыру рәсімінен өткізген жоқ, бірақ бұл істі шәкірттеріне сеніп тапсырды. Олар Жақия пайғамбардан да көп адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізді.

► Студенттердің біріне дауыстап Матай 28:18-20 оқуды ұсыныңыз.

Жердегі қызметінің соңында, Иса шәкірттеріне бүкіл әлемге барып, барлық халықтарға тәлім беруді бұйырды. Иеміз оларға сенімге келгендерді шомылдыру рәсімінен өткізуді де өсиет етті.

Біз Матай 28:18-20-дегі бұйрық тек Исаның бірінші шәкірттеріне ғана арналмағанын білеміз: бұл қызмет көптеген ғасырлардан кейін аяқталады. Мәсіх олармен «дүниенің ақыр соңына дейін» боламын деп уәде берді, және бұл оның барлық уақыттағы қауымға қатысты екенін көрсетеді.

Біз Жаңа Келісім жазбаларынан бірінші ғасырдағы қауымның бұл өсиетті сөзсіз орындағанын көреміз (Елшіл. істері 2:38, 8:38).

► Студенттердің біріне дауыстап Қорынтт. 1-хат 1:12-17 оқуды ұсыныңыз. Неге Пауыл Қорынттағы көптеген адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізбегеніне қуанды?

Шомылдыру рәсімінен өту – қауымға қосылуды білдірді. Қорынттықтарда әр түрлі жетекшілерге еруге негізделген бөліну пайда болды. Пауыл Қорынттағы сенушілерге шомылдыру рәсімінен өту – олардың белгілі бір жетекшілердің емес, Мәсіхтің ізбасарлары болғанын білдіретінін еске салды. Ол олардың бірнешеуін ғана шомылдыру рәсімінен өткізгеніне қуанышты болды. Себебі ол ешкімнің ол туралы «өзінің жеке шәкірттерін жасағысы келеді» деп ойлағанын қаламады. Елші өзінің ең маңызды қызметі – Ізгі хабарды уағыздау екенін баса айтты.

► Бұл үзіндіден алғашқы қауымда өткізілген шомылдыру рәсімі туралы не біле аламыз?

Бұл үзіндіден біз алғашқы қауымның Исаның өсиетін орындай отырып, сенушілерді барлық жерлерде шомылдыру рәсімінен өткізгенін білеміз. Шомылдыру рәсімі тек исраилдіктер үшін ғана және тек уақытша әдет болған жоқ. Ол Ізгі хабар таратылған барлық жерлерде орындалды.

Қауым шомылдыру рәсімін ең басынан бастап күнәҺардың теріс жолдан қайтып, сенушілердің қауымдастығына қосылғаны туралы жария куәлік ретінде қолданды.

[1]Көптеген адамдар шомылдыру рәсімінен бірден мәсіхші болған кезде өтпейді. Теріс жолдан бас тартқан күнәһар Мәсіхке сенген сәтте құтқарылады. Құтқарылғаннан кейін адам Исаға Иесі ретінде мойынсұнып, жаңа өмірді бастағанын көрсету үшін шомылдыру рәсімінен өтуі керек. Бірақ кейбір ерекшеліктер бар, өйткені кейбіреулер шомылдыру рәсімінен өту кезінде сеніп, сол сәтте тәубеге келеді. Алайда, әдетте, шомылдыру рәсімі – болып қойған нәрсенің куәлігі болып табылады.

► «Шомылдыру рәсімінен өткен сәтте құтқарылдым» деп мәлімдейтін адамға не айтар едіңіз?


[1]

«Мәсіхшілік шомылдыру рәсімі - Иса Мәсіхтің құтқару артықшылықтарын қабылдауға баса назар аударатын салтанатты рәсім; бұл сондай-ақ киелілік пен әділдікке толық мойынсұну уәдесі».

Вилей және Калбертсон,
«Мәсіхшілік теологияға кіріспе»

Жібермеуге тиіс қателіктер: шомылдыру рәсімі – тәубеге келудің бір бөлігі деп ойлау

Кейбір адамдар Жазбаларды талқылай отырып, шомылдыру рәсімін құтқарудың бір бөлігі, яғни адам шомылдыру рәсімінен өтпейінше құтқарылмайды деп айтады. Елшіл. істері 22:16-да Анания Саулға: «Орныңнан тұрып, Иеміздің атын айтып сиынып, шомылдыру рәсімінен өтіп күнәларыңнан арыл!», – деді. Алайда, әрбір мәсіхші біздің күнәларымыз Мәсіхтің қанымен тазаратынын біледі (Жоханның 1-хаты 1:7). Сумен шомылдыру рәсімінен өту – тек рухани өмірде болып жатқан нәрсені бейнелейді. Анания Саулға рухани түрде сенімді қабылдауын физикалық түрде куәлік ету керек екенін айтты. Шомылдыру рәсімі оның күнәларының жуылғандығының куәлігі болды.

Еврейл. хат 10:22-де сенушілер Құдай алдына барғанда «(Мәсіхтің төгілген қаны) жүректерімізге «бүркіліп», ар-ұжданымыз күнә атаулыдан арылған әрі денеміз таза сумен жуылған болсын» дейді. Су – шомылдыру рәсімін білдіруі мүмкін. Бұл толығымен дәл емес. Бірақ соған қарамастан, аятта шомылдыру рәсімінің құтқаратыны туралы айтылмайды. Біз мұны істеуіміз керек дейді, өйткені бұл Құдайдың өсиеті.

Жохан 3:5-те Иса Нікөдемге «судан және Киелі Рухтан туылу керек» дейді. Бұл мәлімдеме Нікөдем түсіне алмаған «адамның қайта туылуы керек» деген сөзден кейін айтылады. Нікөдем физикалық туылу туралы ойлады. Мәсіх адамның Құдайдың Патшалығына кіруі үшін физикалық түрде ғана емес, рухани жағынан да туылуы керектігін түсіндірді. «Судан туылу» - бұл физикалық туылу.

Шомылдыру рәсімі – Мәсіхке мойынсұнудың белгісі ретінде

Шомылдыру рәсімі адамды құтқарылуға дайындамайды. Кейбіреулер егер шомылдыру рәсімі бізге құтқарылуды бермесе, онда бұл рәсімді орындау қажет емес деп үйретеді. Олар адамдар рақым арқылы құтқарылудан гөрі, шомылдыру рәсімінен өту арқылы құтқарылуға сенетін болады деп алаңдайды. Бірақ біз Мәсіхтің кез келген өсиетіне мойынсұнуымыз керек және өсиеттерге бағыну біздің құтқарылуымызды қамтамасыз етеді деп ойламауымыз керек.

Шомылдыру рәсімі – рақымның құралы ретінде

Шомылдыру рәсімін – рақым алу құралы деп атауға болады. Бұл әрекет – бізді құтқарады немесе автоматты түрде рақым береді дегенді білдірмейді. Егер адам сенімсіз шомылдыру рәсімінен өтсе, онда оның мәні болмайды. Шомылдыру рәсімі – рақымға ие болу құралы, өйткені бұл – Құдай бізге орындауға бұйыратын әрекет. Ал егер біз оны мойынсұнушылықпен және сеніммен орындасақ, онда Құдайдың Рухы біздің жүрегімізде жұмыс жасап, бізді мәсіхшілік өмірде нығайтады.

► Не үшін біз шомылдыру рәсімінен өтуіміз керек?

Теологиялық бейнелеу

► Студенттердің біріне дауыстап Римд. хат 6:3-11 оқуды ұсыныңыз. Осы жазбаға сәйкес шомылдыру рәсімінен өту нені білдіреді?

Киелі кітапта «шомылдыру рәсімі – Мәсіхтің өлуін, жерленуін және қайта тірілуін бейнелейді» дейді. Сенуші шомылдыру рәсімінен өткенде, өзінің Мәсіх арқылы тазарып, жаңа өмір бастағаны туралы куәлік етеді. Елші «Иса Мәсіхпен тығыз байланысқан бәріміз Онымен бірге рухани өлдік. Шомылдыру рәсімінен өткеніміз соны білдіреді» дейді.

[1]Біз құтқарылуды қабылдағанда, Мәсіхтің өлімінен алынған барлық артықшылықтарға ие боламыз, бірақ белгілі бір мағынада біз де осы өлімді бөлісеміз. Иса өзінің емес, бүкіл әлемнің күнәлары үшін өлді. Құтқарылғанда, біз де күнә үшін өлеміз, өйткені тәубеге келіп, одан бас тартамыз.

Римдіктерге арналған хаттың алтыншы тарауының тақырыбы – күнәні жеңу. Бұл тек кешірімге ғана қатысты емес. Сенушінің күнәнің құлдығынан азат етілуі керек екені анық (12-14-аяттар) және күнә жасай бермеуі қажет (1-аят).

Біз құтқарылған кезде, Исамен бірге қайта тірілеміз. Оның өлімнен қайта тірілгені сияқты, біз де күнә үшін өліп, жаңа өмір бастаймыз; біз жеңіс пен күнәдан азат өмірді бастаймыз.


[1]

«Бізге қажет рақым суда емес, шомылдыру рәсімі бейнелейтін Киелі Рухтың жұмысында; нан мен шарапта емес, бұл рәсім бейнелейтін күнәнің құнының өтелуінде».

Джон Милей,
«Жүйелі теология»

Шомылдыру рәсімінен өту әдістері бойынша келіспеушіліктер

Шомылдыру рәсімінен өту әдістері туралы келесідей сұрақтар туындайды: сенуші шомылдыру рәсімінен қалай өтуі керек: суға бату, су төгу немесе су себу арқылы?

Сенушілерді шомылдыру рәсімінен өткізетін мәсіхшілердің көпшілігі шомылдыру рәсімін суға батыру арқылы өткізеді.

Неліктен көптеген мәсіхшілердің суға бату - шомылдыру рәсімінен өтудің жалғыз дұрыс әдісі деп санайтынын бірнеше себептері бар.

1. «Шомылдыру рәсімінен өту» сөзі грек сөзінен шыққан, ол шомылдыру немесе батыру дегенді білдіреді.

2. Шомылдыру рәсімі суға бату арқылы Мәсіхтің өлуін, жерленуін және қайта тірілуін жақсы бейнелейді (Римдіктерге 6:3-5).

3. Киелі кітапта адамдар шомылдыру рәсімінен өту үшін суға кірген жағдайлар туралы ғана айтылады (Марқа 1:10, Елшіл. істері 8:38).

4. Алғашқы қауым денсаулығының нашарлығына немесе судың болмауына байланысты жағдайлардан басқа барлық кезде шомылдыру рәсімін суға батыру арқылы өткізді. «Дидахе» деп аталатын б.з. 70-ші жылдарының шамасында жазылған, елшілер арқылы Иеміздің барлық елдерге берген тәлімінде, егер су жеткіліксіз болса, шомылдыру рәсімін суды бүркіп себу арқылы өткізуге болады делінген.

Сондықтан көптеген мәсіхшілер суға батыру арқылы өткізу – шомылдырдыру рәсімінің інжілдік және тарихи түрі деп санайды.

Кейбіреулер шомылдыру рәсімінің тағы бір түрін інжілдік деп санайды. Көне Келісімде тазаруды бейнелейтін қанды бүркіп себу рәсімдері сипатталған. Жаңа Келісімде де қан бүрку туралы айтылады. Бұл әрекет күнәнің өтелуін білдіретіндіктен, мүмкін, суды бүркіп себу арқылы шомылдыру рәсімінен өткізу де сондай мағынаны білдіруі мүмкін. (Суды бүркіп себу туралы Киелі кітаптағы аяттар: Мысырдан шығу 24:8; Еврейл. хат 9:19-20, 10:22, 12:22-24; Руларды санау 8:6-7; Ишая 52:15; Езекиел 36:25; Петірдің 1-хаты 1:2).

Киелі кітапта шомылдыру рәсімінің қалай өткізілуі қажет екендігі туралы нақты айтылмағандықтан, біз бұл рәсімді бізден өзгеше орындайтын мәсіхшілерге төзімділікпен қарауымыз тиіс.

Нәрестелердің шомылдыру рәсімінен өтуі туралы даулар

Қауым – Құдаймен келісім бойынша өмір сүретін сенім қауымдастығы. Күнәһар адам теріс жолдан қайтқанда, ол қауымға қосылады. Ал шомылдыру рәсімінен өту – оның теріс жолдан қайтқаны туралы көпшілікке куәлік етуі болады.

Бірақ қауымға тиесілі мәсіхші отбасында туылған нәресте ше? Бала сенім қауымдастығының бір бөлігі, бірақ ол тәубеге келу үшін әлі тым кішкентай, сондықтан Құдай оны таңдау жасауға қабілетті болғанға дейін қабылдайды.

Кейбір қауымдар баланы шомылдыру рәсімінен өткізу керек, бұл оның сенім қауымдастығының бір бөлігі екенін көрсетеді деп есептейді. Егер шомылдыру рәсімінен өткен бала саналы жаста қауымның ілімдерін қабылдайтын болса, онда «растау» деп аталатын рәсім орындалады. Егер бала қауымда туылса және оған үйретілген нәрсені қабылдаса, оған тәубеге келудің қажеті жоқ деген пікір бар (Рим-католик қауымы, Лютерандық қауым, Англикан қауымы). Балаларды шомылдыру рәсімінен өткізетін басқа қауымдар тәубеге келу маңызды деп санайды. Мысалы, Джон Уэсли бастаған алғашқы әдіскерлер, адам нәресте кезінде шомылдыру рәсімінен өтсе де, тәубеге келуі қажет деп есептеді.

Көне Келісімдегі сүндеттеу де сондай мақсатпен жасалды деп санайтын адамдардың санаты бар. Олар бұл Құдаймен келісімнің белгісі болды және келісімнің мәнін түсіну үшін баланың ересек болуын күту керек болмады деп сенеді.

Алғашқы қауым сәбилерді шомылдыру рәсімінен өткізген болуы тиіс. Ипполит б.з. 212 жылы елшілік дәстүр туралы жазды. Ол балалардың шомылдыру рәсімінен өтуі керектігін, егер олар сөйлеуге тым кішкентай болса, ата-аналары олар үшін жауап бере алатындығы туралы айтты. Б.з. 248 жылы Ориген елшілердің сәбилерді шомылдыру рәсімінен өткізгенін жазды. Августиннің жазбаларында (б.з. 400ж.) біз қауым нәрестелерді шомылдыру рәсімінен елшілердің кезінен бері өткізіп келе жатқанын және нәрестені шомылдыру рәсімінен өткізуге қарсы болған адамдар туралы ешкімнен естімегені жайлы ақпаратты табамыз.

Елшілердің істерінде елшілер кейде бүкіл отбасын шомылдыру рәсімінен өткізді (11:14; 16:15, 33); олар балаларды да шомылдыру рәсімінен өткізді деп болжауға болады.

Нәрестелерді шомылдыру рәсімінен өткізуге деген қарсылықтар

1. Жаңа Келісімде сенушілер сенімдері туралы куәлік бергеннен кейін шомылдыру рәсімінен өтті. Бұл күнәларына өкініп, Ізгі хабарды қабылдаған адамдар болды. Біз нәрестелерді шомылдыру рәсімінен өткізу туралы бұйрық еш жерде жазылмаған.

2. Нәрестелерді шомылдыру рәсімінен өткізу – шомылдыру рәсімінің бастапқы мақсатын орындай алмайды. Сенуші күнә үшін өліп, Құдай үшін өмір сүреді деген куәлік келтірілмейді.

3. Нәрестелерді шомылдыру рәсімінен өткізудің тарихи нәтижесі – көп жағдайда өздерін мәсіхшілерміз деп санайтын, теріс жолдан қайтпаған адамдардың қауымдастығының құрылуына әкелді.

Кейбір қауымдар шомылдыру рәсімінен өткізудің орнына сәбилерді «бағыштайды». Бұл рәсімде ата-аналар баланы Құдайға бағыштап, оны мәсіхшілік дәстүр бойынша тәрбиелеуге уәде береді. Мұндай қауымдарда балалар тәубеге келудің мағынасы мен сенім негіздерін түсінетін жасқа жеткенше шомылдыру рәсімінен өтпейді.

Нәресте кезінде шомылдыру рәсімінен өткен адамдарға «шынайы шомылдыру рәсімінен өтпедің» деп айтудын қажеті жоқ. Оның орнына, адам тәубеге келіп, Ізгі хабарға сенбесе, құтқарыла алмайтынын атап өткен жөн. Егер адам күнәда өмір сүрсе, оның шомылдыру рәсімінен өтуі – оны мәсіхші деп санауға негіз болмайды.

Уақыт мәселесі

► Жаңадан сенімге келген адамды шомылдыру рәсімінен өткізу үшін қауым қанша уақыт күтуі керек?

Жаңа Келісімде жаңадан сенімге келгендер бірден шомылдыру рәсімінен өтті, ал шомылдыру рәсімі сенушіден жетілуді немесе білімді талап ететін рәсім емес еді.

Кейбір қауымдар шомылдыру рәсімінен өтуге дейін жаңадан сенімге келгендер рухани білім мен тәжірибе алуы тиіс деп талап етеді. Олар шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін сенімнен бас тартатын адамдар саны аз болуы үшін, сенушілердің мәсіхшілік өмірдің жақсы үлгісі екеніне көз жеткізгісі келеді. Сондай-ақ олардың Құдаймен қарым-қатынасын көргісі келеді.

Шомылдыру рәсімі адамның жетілуінің немесе білімінің емес, теріс жолдан қайтуының куәлігі, сондықтан оны кейінге қалдыруға болмайды. Күту – бұл адамның тәубеге келгендігіне сенбеу дегенді білдіреді. Ал мұндай күмән оның сенімін әлсіретуі мүмкін.

Шомылдыру рәсімі рақымға ие болу құралы да болып табылады. Өйткені адам Құдайға мойынсұнып, оны көпшілікке жария еткенде, Иеміз оған оны нығайтатын рақымын төгеді. Егер біз жаңадан сенімге келген адамды шомылдыру рәсімінен өтуді күте тұруға мәжбүрлесек, оған өте қажетті көмекті көрсетуден бас тартамыз.

Егер сізге адам Ізгі хабарды түсінбейтін және оның өмірінде өзгерістер байқалмайтын болып көрінсе, оны шомылдыру рәсімінен өткізудің қажеті жоқ. Егер жоғарыда айтылғандар адамның өмірінде көрінетін болса, онда оны жақын арада шомылдыру рәсімінен өткізу керек. Бұл оның сенімін нығайтуға көмектеседі.

Шомылдыру рәсімінен өтуді кейінге қалдыру

Кейде өздерін мәсіхшіміз деп атайтын адамдар шомылдыру рәсімінен өтуді кейінге қалдырғысы келеді. Олар Ізгі хабарға сеніп, тәубеге келгендерін айтады. Бірақ олар әлі шомылдыру рәсімінен өтуді қаламайды. Бұл рәсім көп жылдарға, кейде тіпті өлгенге дейінгі күнге дейін кейінге қалдырылады.

Әдетте, егер адам шомылдыру рәсімінен өткісі келмесе, ол одан күтілетін қандай да бір бағышталу туралы ойлап, сондықтан бас тартады. Ол өзін қауымға бағыштағысы келмеуі мүмкін. Немесе оның әлі тастамаған күнәсі бар болуы мүмкін. Бәлкім, ол өзінің мәсіхші екені туралы көпшілік алдында куәлік бергісі келмеуі мүмкін.

Егер адам шомылдыру рәсімінен өтпестен бұрын мәсіхші болса, егер ол шынымен тәубеге келген болса, бұл өсиет оны сенуші етпейді. Ал егер ол күнәдан толықтай бас тартып, бұл туралы куәлік беруге дайын болмаса, ол әлі мәсіхші емес.

► Өзін мәсіхшімін деп, бірақ шомылдыру рәсімінен өткісі келмейтін адамға не айтар едіңіз?

Атау мәселесі

► Бағушы жаңадан сенімге келген адамды шомылдыру рәсімінен өткізгенде не айту керек?

Ұлы аманатта Иса шәкірттеріне «Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен» шомылдыру рәсімінен өткізуді бұйырды (Матай 28:19).

Үшбірліктің «атынан» шомылдыру рәсімінен өту Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухтың билігіне шомылуды білдіреді. Иса Өзінің атынан келмегенін айтқан кезде «атынан» терминін дәл сол мағынада қолданды (Жохан 5:43).

Кейбір қауымдар шомылдыру рәсімін өткізу барысында бағушы: «Мен сендерді Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткіземін» деп айтуы керек деп есептейді. Басқалар Үшбірліктің үш Тұлғасының атымен шомылдыру рәсімінен өткізу үшін: «Мен сені Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткіземін» – деп айту жеткілікті деп есептейді.

Жаңа Келісімде сипатталған қауым қызметінен біз шомылдыру рәсімінен өтудің бірнеше мысалын көреміз. Оларда қолданылған сөздер Ұлы аманаттағы Исаның сөздерінен өзгеше. Алғашқы өнім мейрамында Петір жаңадан сенімге келген сенушілерге: «Иса Мәсіхтің атымен шомылдыру рәсімінен өтіңдер», – деді (Елшіл. істері 2:38). Пауыл Ефестегі сенушілерді Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткізді (Елшіл. істері 19:5). Петір Корнелдің үйіндегі сенушілерге «Иса Мәсіхтің атымен шомылдыру рәсімінен өтулері керек» деді (Елшіл. істері 10:48). Пауыл қорынттық сенушілердің Исаның атымен шомылдыру рәсімінен өтетінін айтты (Қорынттық. 1-хат 1:12-13).

Елшілердің істерінде сипатталған шомылдыру рәсімі Исаның атымен өткізілді, ол Жақия пайғамбардың шомылдыру рәсімінен де (Елшілердің істері кітабында жеті рет айтылған), басқа діндерде жасалған шомылдыру рәсімінен де ерекшеленді.

Қауым Ұлы аманатты орындай отырып, шомылдыру рәсімінен өткізу кезінде Исаның атын қолданған сияқты. Бірінші ғасырдағы қауымда рәсім өткізген бағушы: «Мен сені Исаның атымен шомылдыру рәсімінен өткіземін», – деп айтқан болуы керек. Қауымның алғашқы жылдарында адамдардың шынымен Мәсіхке сенулеріне үлкен мән берілді; егер адам Исаға сенсе, ол сенуші болып саналды.

Алайда, тарихи мәліметтер бойынша қауым шомылдыру рәсімін өткізу кезінде Үшбірлікті де дәріптеген. Сенушілердің бірінші буынында «Исаға сенемін» деп айтқан адамдар болды, бірақ олар Құдай туралы дұрыс ілімдерге сенбеді. «Дидахе» айтты, жаңадан сенімге келгендерді шомылдыру рәсімінен өткізу кезінде үш рет суға батыру керектігін айтады, бұл адамның Үшбірліктің әр Тұлғасына деген сенімін растады. Б.з. 248 жылы басқа жазушылар шомылдыру рәсімінен өткізу кезінде Құдай Әке, рухани Ұлы және Киелі Рухты атау әдеттегі тәжірибе болғанын атап өтті (Ипполит, Ориген, Тертуллиан және басқалары).

Қазіргі күнгі тағы бір мәселе – көптеген діни топтар Үшбірлікті қабылдамайды. Олар Исаға сенеміз дейді, бірақ Оны Құдай Әке мен Киелі Рух сияқты жеке Тұлға ретінде қабылдамайды. Олар Исаның атымен шомылдыру рәсімін өткізеді, өйткені олардың ойлары бойынша «Иса» деген ат – Әке, Ұлы және Киелі Рухтың ортақ аты болып табылады, және олардың бәрін бір Тұлға деп санайды. Біріккен Елуінші күн қауымы- осындай қауымдардың бірі.

Бүгінде Үшбірлікке сенетін қауымдардың көпшілігі «Мен Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткіземін» деген сөздермен шомылдыру рәсімінен өткізеді. Осылайша олар Исаға және Үшбірлікке сенетіндерін растайды.

Шомылдыру рәсімінен өткізу әдістері

Жиналыс. Шомылдыру рәсімінен өтетін жаңадан сенімге келген адамдар қауым оларды көре алуы үшін бірге алға шығулары керек. Бұған дейін бірнеше минут Құдайды мадақтап, ән айтса болады.

Киелі Жазба. Матай жазған Ізгі хабар 28:18-20 аяттарды оқыса болады.

Декларация. Бағушы бәріне: «Бұл адамдар осында теріс жолдан қайтқандары мен Мәсіхке деген сенімдері туралы куәлік ету үшін жиналды. Шомылдыру рәсімі Исаның өлімі мен қайта тірілуін бейнелейтіндіктен, бұл сенушілер шомылдыру рәсімінен өтіп, күнә үшін өлгендерін және Құдай үшін өмір сүріп жатқандарына куәлік етеді. Олар Иемізге мойынсұнумен жаңа өмір бастады» деп айта алады.

Дұға. Содан кейін бағушы жаңадан сенімге келгендер үшін дұға етуі керек. Дұғада келесі сөздер болуы керек: «Ием, біз Сенің рақымың үшін және бұл адамдарды құтқарып, рухани өмірге жеткізгенің үшін алғыс айтамыз. Біз Саған оларды күнәнің құлдығынан босатқанын үшін алғыс айтамыз. Біз олардың Киелі Рухтың күшіне кенеліп, күн сайын жеңіске жетуін тілейміз. Оларды басқалар үшін куәлік, қауым үшін жарылқау ете гөр».

Шомылдыру рәсімінен өткізу. Шомылдыру рәсімінен өтетіндер суға бір-бірлеп кірулері керек. Суға батырар алдында бағушы: «Мен сені Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткіземін», – деп айтуы керек.

Мадақтау ән. Шомылдыру рәсімі өткізілгеннен кейін қауым мадақтау ән айта алады. Сондай-ақ, тағы да қысқаша дұға етсе болады.

Жеті қорытынды ұстаным

1. Исаның шәкірттері шомылдыру рәсімін Оның қызметі кезінде өткізді.

2. Алғашқы қауым Ізгі хабар таратылған барлық жерлерде адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізді.

3. Шомылдыру рәсімі – Исаның өлуін, жерленуін және қайта тірілуін білдіреді.

4. Шомылдыру рәсімі – құтқарылғандық пен Мәсіхтегі жаңа өмірдің басталғандығының куәлігі.

5. Жаңадан сенімге келген адам тәубеге келгеннен кейін көп ұзамай шомылдыру рәсімінен өтуі керек.

6. Біреуді шомылдыру рәсімінен өткендіктен ғана мәсіхші деп ойламау керек.

7. Қауым шомылдыру рәсімін өткізгенде Үшбірлік ілімін растауы керек.

Тапсырмалар

1. 10-сабақ бойынша Жеті қорытынды ұстанымды есте сақтау керек. Студенттер жеті қорытынды ұстанымның әрқайсысына (барлығы жеті абзац) түсініктеме жазып, олардың мәні мен маңыздылығын тақырыппен таныс емес адамдарға түсіндіре алатындай етіп жеткізулері керек. Жазбаша жұмыс келесі сабаққа дейін жетекшіге тапсырылуы тиіс. Талқылау кезінде жетекші сұраса, студенттер топқа белгілі бір пункттер бойынша орындалған тапсырмалардың нұсқаларымен бөлісуге дайын болу керек. Келесі сабақтың басында студенттер есте сақтау қабілеті бойынша, жеті қорытынды ұстанымды жазу керек.

2. Cтудент сабақты немесе сабақтың бір бөлігін топтан тыс адамдарға өткізуді жоспарлауы керек. Сабақты өткізген сайын студент бұл туралы жетекшіге есеп беруі керек.

3. Тапсырма (сұхбат): студент шомылдыру рәсімінен өткен үш сенушімен, олар үшін шомылдыру рәсімінен өту нені білдіргені туралы сөйлесіп, содан кейін қысқаша қорытынды жазуы керек.

Next Lesson