► Забур жырлары, 84-тарауды бірге оқыңыздар. Бұл үзінді құтқару туралы не айтады?
Айқыш
[1]Ең маңызды мәсіхшілік сенімнің бейнесі – айқыш. Ол бүкіл тарихтың орталығы болып табылатын оқиғаны бейнелейді. Ол мәсіхшілік сенім мен басқа діндердің арасындағы айырмашылықты көрсетеді.
Айқыш – көптеген адамдар үшін жұмбақ. Олар Исаның не үшін өлгенін түсінбейді. Олар Исаның бізді жақсы көріп, құтқарғысы келгендіктен өлгенін естісе де, неге Ол өлу керек болғанын түсінбейді. Олар: «Егер Құдай бізді құтқарғысы келсе, неге жай құтқара салмайды?» деп ойлайды.
Айқыш туралы түсініспеушіліктер алғашқы мәсіхшілер Ізгі хабарды уағыздай бастаған кезден басталды[2]. Яһудилер Құдай Өзін құдіретімен көрсетеді деп ойлады. Олар құтқарылуды – қысымшылықтан құтылу деп ойлады, ал айқыш олар үшін әлсіздік пен сәтсіздікті білдірді. Гректер Құдай Өзін даналықпен көрсетеді деп ойлады. Олар құтқарылуды – өмірден ең жақсыны қалай алуға болатындығы туралы түсінік деп ойлады және айқыш оларға ақымақтық пен жеңіліс сияқты көрінді.
► Неліктен кейбір адамдарды айқыш қорлайды?
Айқыш көптеген адамдарды қорлайды. Көптеген адамдар діни болғылары келеді. Олар белгілі бір нәрселерге сенуге, діни рәсімдерді өткізуге және кеңестер алуға дайын. Бірақ олардың күнәһар екендерін, сондықтан олардың құтқарылулары үшін айқыштағы оқиғалар керек болғандығын айтқанда, олар ашуланады. Олар өздерінің қазіргі жағдайларымен ақталғысы келеді[3]. Айқыш оларды қорлайды, өйткені олардың күнәһар және құтқарылуға мұқтаж екендерін еске салады.
Исаның айқыштағы құрбандық өлімін түсіну үшін күнәҺар адамның жағдайы мен Құдайдың қасиетті болмысы бірге өмір сүре алмайтындығын түсіну керек. Құнымыздың өтелуі қалай біздің кешірілуімізді мүмкін еткенін түсінуіміз керек.
«Күнәһар Құдай алдында қалай ақтала алады? Бұл әр адам үшін маңызды сұрақ. Сондықтан, егер біз Құдайға жау болсақ, қазір де, мәңгілікке де шынайы тыныштық пен қуанышқа кенеле алмаймыз. Алайда, бұл маңызды сұрақты түсіну қаншалықты қиын! Ол туралы қандай көптеген шатастыратын ойлар бар!»
Адам атаның күнәсі үшін әр адам Құдайдан бөлініп туылады[1]. Бұл әр адамның өзін ғана ойлайтынын және өз жолымен жүретінін білдіреді.
Адам таңдау жасай бастағанда, ол күнә жасай бастайды. Әрбір күнәҺар көптеген күнәлары үшін кінәлі[2].
Күнә – бұл Құдайдың заңын бұзу[3]. Құдай күнәні ақтамайды, өйткені Ол өте әділ және әр адам өз әрекеттері үшін сотталатын болады[4]. Әрбір адамның кінәлі екендігі мен лайықты түрде үкімделетініне еш күмән жоқ. Әрбір күнәһар әлдеқашан сотталған[5].
Күнәһар – Құдайдың жауы[6]. Күнәһар күнәлары жуылғанға дейін Құдаймен қарым-қатынаста бола алмайды.
Күнәһар Құдаймен қарым-қатынаста болуға жарамсыз жағдайда. Күнәһар өз қалауымен бүлінген[7]. Күнәнің құлы болғандықтан, күнәһар өз жағдайын өзгертуге шамасы жетпейді[8].
Күнәһарға қандай құтқару керек? Күнәһар кінәлі болғандықтан, құтқарылу – кешірім дегенді білдіреді. Ол Құдайға жау болғандықтан, құтқарылу – татуласуды білдіреді. Ол бүлінгендіктен, құтқарылу – тазаруды білдіреді. Ол әлсіз болғандықтан, құтқарылу – азаттықты білдіреді. Бұл күнәһарға қажет құтқарылудың бірнеше аспектілері ғана.
Адам өзінің күнәсі үшін төлем жасай алмайды. Мұның себептерінің бірі – бізде бар нәрсенің бәрі Құдайға тиесілі. Одан да маңызды себеп – біз Мәңгілік Құдайға қарсы күнә жасадық және адамның төлей алатындай аса құнды ештеңесі жоқ.
Бұл қажеттілікті өтейтіндей адам жасай алатын ештеңе болған жоқ. Сондықтан адамға өз күшімен құтқарылуы үшін, ешқандай талап қойылуы мүмкін емес еді[1]. Егер адам өзі құтқарыла алатын болса, Мәсіхтің айқышта өлуінің қажеті болмас еді[2].
► Егер Құдай кешіргісі келсе, неге Ол жай ғана айқышсыз кешірмеді?
Өйткені Құдай киелі болғандықтан, Ол ақиқат пен әділеттілікке сай соттауы керек[3].
Мәсіхтің құрбандығы болмады деп елестетіп көріңізші. Құдай күнәларды құның өтейтін құрбандықсыз кешірсе не болар еді?
Егер Құдай күнәларды төлемсіз кешірсе, бізге күнә маңызсыз болып көрінер еді. Құдай әділетсіз, тіпті қасиетті емес сияқты болып көрінер еді. Құдайдың көз алдында дұрыс, не бұрыс әрекет ететін адамдардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ сияқты болып көрінер еді.
Егер кешірім құнмен өтелмесе, Құдай – қасиетті және әділ сияқты мадақтала алмас еді. Ақыр соңында төлемсіз кешірім берсе – Құдай қорланатын еді, сондықтан төлем қажет болды.
Бірақ Құдай адамдарды қатты сүйеді және кешіргісі келеді. Адамдар өлімге лайық болса да, Ол бүкіл адамзатты күнәһар күйлерінде мәңгілік өлімге қалдырғысы келмеді.
Исаның айқыштағы құрбандығы қажетті құрбандықты Мәңгілік құндылықпен қамтамасыз етті, өйткені Иса (1) күнәсіз[4] (киелі болды және құтқарылуға мұқтаж болмады); (2) Құдай және адамболды.
Төлем – кешірім үшін қажетті негізді қамтамасыз етеді. Енді Құдай күнәларына өкініп, Оның уәдесіне сенетін адамды кешіре алады. Айқыштағы құрбандыққа сенетін ешбір адам, күнә маңызсыз деп айта алмайды.
Төлем – Құдайға, Оның уәдесіне сенген күнәһарды ақтауға және сонымен бірге Өзінің әділ болып қалуына мүмкіндік береді[5]. Римд. хат, 3:20-26 төлемнің қалай жұмыс істейтіні туралы логикалық түсінік береді.
Киелі кітапта Құдайдың біздің құтқарылуымызды қамтамасыз етуі – жалғыз мүмкін болған жол деп айтылған. Егер адам Мәсіхке деген сеніммен рақым арқылы құтқарылуды қабылдамаса, ол құтқарыла алмайды[6].
Сондықтан сеніммен рақым арқылы құтқарылу ілімін білу маңызды. Құтқарылу – тек рақым арқылы жүзеге асырылады, өйткені біз оны сатып алу немесе лайықты болу үшін ештеңе жасай алмаймыз. Құтқарылу – тек сенім арқылы жүзеге асырылады, өйткені біз оған жету үшін ештеңе жасай алмаймыз. Біз тек Құдайдың уәделеріне сенім арта аламыз.
► Адамның құтқарылуы үшін алғашқы қадамды кім жасайды, Құдай ма, әлде адамның өзі ме?
[1]Құдай күнәһарды құтқару үшін бірінші болып қадам жасады. Ол айқышта Исаның құрбандығын қамтамасыз ету арқылы кешіруге дайын екенін көрсетті. Енді Құдайдың рақымы күнәһардың жүрегіне тиіп, күнәларын әшкерелеп, кешірім алғысы келетін тілекті оятады[2]. Құдайдың көмегінсіз күнәһар өзінің күнәсін қалдыра алмайтын еді[3]. Құдай күнәһарға Ізгі хабарға жауап беруге мүмкіндік береді. Егер адам құтқарылмаса – бұл оған рақым берілмегендіктен емес, оның – Құдайдың оған берген рақымына жауап бермегендіктен болады.
Иса бүкіл адамзаттың күнәлары үшін өлді және Құдай әр адамның құтқарылғанын қалайды[4]. Құдайдың рақымы әр адамға жауап беруге мүмкіндік береді, бірақ оны мәжбүрлемейді. Сондықтан Құдай күнәһарды таңдау жасауға және тәубеге келуге шақырады[5].
Құдайдың рақымының әдемі суреті бізге төлем оқиғасынан бірнеше жыл бұрын берілген. Бұл Забур жырлары 84-тарау. Ол Құдайдың күнәні қалай кешіретінін сипаттайды. Оның ашуының соңы туралы айтады. Содан кейін өте қызықты мәлімдеме жасайды: «Сонда рақым мен шындық бірге кездеседі, әділдік пен татулық бір-біріне сәйкес келеді». Бұл төлем арқылы құтқарудың таңғажайып сипаттамасы. Төлемсіз Құдайдың рақымы біздің кінәміздің ақиқатымен шектелетін еді. Құдайдың әділдігі Онымен тату өмір сүруге мүмкіндік берудің орнына, бізді Оның жауына айналдырар еді.
Тәубеге келу деген – күнәһардың өз кінәсін мойындап, жазаға лайықты екенін түсінуі, сондықтан күнәдан бас тартуға дайын болуы.
«Азғын адам теріс жолынан қайтып, әділетсіз жан өз ойларынан бас тартсын! Бәрі Жаратқан Иеге бет бұрсын, сонда Иеміз мейірімділік танытады. Олар Құдайымызға қайта оралсын, өйткені Ол жомарттықпен кешіреді.» (Ишая, 55:7).
Тәубеге келу деген – күнәһар өзінің өмірін түзетіп, Құдай оны кешіруі үшін әділ болуы керек дегенді білдірмейді. Бұл мүмкін емес. Бірақ күнәһар Құдайдың оны күнәлардан босатуына дайын болуы керек.
► Рақым арқылы құтқарылатын болсақ, неге құтқарылу үшін тәубеге келу керек?
Сенім – құтқарылудың жалғыз талабы. Бірақ құтқаратын сенім тәубесіз болмайды. Егер адам тәубеге келуге дайын болмаса, ол күнәлардан азат болғысы келмейді.
Егер Құдай күнә жасауын жалғастырып, тәубеге келмейтін адамдарды кешіретін болса, бұл Оны жердің әділ соттаушысы ретінде қорлайтын еді.
Тәубеге келу қажет, өйткені егер адам тәубеге келмесе, ол күнәнің зұлымдығын мойындамайды. Егер ол неге күнә жасауын тоқтату керектігін түсінбесе, онда ол неге кешіруге мұқтаж екенін де түсінбейді.
Егер адам өзінің кінәсін көрмесе, өкінбесе, жазаға лайық екенін көрмесе, ол тәубеге келмеген. Егер ол өзінің күнәһар екенін мойындаса, бірақ оған күнә жасауды жалғастыруға мүмкіндік беретін дін керек болса, ол тәубеге келмеді, өйткені ол оны кінәлі еткен нәрсені жасауды жалғастырғысы келеді.
Құтқаратын сенім
► Егер адамның құтқаратын сенімі болса, ол не нәрсеге сенеді?
(1) Ол өзін ақтау үшін ештеңе істей алмайтындығын түсінеді.
Себебі Құдайдың рақымымен, Мәсіхке деген сенімдерің арқылы құтқарылдыңдар. Бұл – өздеріңнің жетістіктерің емес, Құдайдан келген сый. Сондықтан игі істерімнің арқасында құтқарылдым деп ешкім мақтанбасын (Ефест. хат, 2:8-9).
Ол құтқарылуға қол жеткізу үшін ештеңе (істер) істей алмайтынын түсінеді.
(2) Ол Мәсіхтің құрбандығы – кешірілу үшін жеткілікті деп сенеді.
«Ол өз жанын құрбан етіп, күнәларымыздың құнын өтеді. Өзіміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың да күнәларының құнын өтеді» (Жоханның 1-хаты, 2:2).
Мейірімділік таныту – бұл біздің кешірілуімізді мүмкін ететін құрбандықты білдіреді. Біздің құтқарылуымыз үшін Мәсіхтің құрбандығына қосымша ештеңе қажет емес.
(3) Ол Исаның өлімнен қайта тірілгеніне және күнә мен өлімді жеңгеніне сенеді.
«Өз аузыңмен Исаны Жаратқан Ием деп мойындасаң, жүрегіңде Құдайдың Оны өлімнен қайта тірілткеніне сенсең, онда құтқарыласың» (Римд. хат, 10:9)
Күнә мен өлімді жеңудің жалғыз жолы – Исаның қайта тірілуі болды. Иса қайта тіріліп, күнә мен өлімге деген толық жеңісін дәлелдеді.
(4) Ол Құдай оны тек сенімі арқылы кешіреді деп сенеді.
«Егер де күнәларымызды мойындасақ, Құдай сенімді де әділетті болғандықтан оларды кешіріп, бізді барлық әділетсіздігімізден тазартады» (Жоханның 1-хаты, 1:9).
Егер ол басқа жолдармен де құтқарылуға болады деп ойласа, онда ол тек рақыммен ғана емес, істер арқылы да құтқарылуға болады деп есептейді.
Сенімділік
► Адам құтқарылғанына қалай сенімді бола алады?
Кейбір адамдар өз сезімдеріне тәуелді, бірақ сезімдер өзгермелі және жалған жолға бағыттауы мүмкін.
Киелі кітап біз құтқарылғанымызды нақты біле аламыз дейді. Біз Құдайдың бізді қабылдағанына сенімді бола аламыз. Бізге қорқынышпен өмір сүрудің қажеті жоқ, өйткені Құдайдың рухы біздің Құдайдың балалары екендігімізді растайды[1].
Бұл растау соншалықты сенімді болғандықтан, бізге қиямет сотынан қорқудың қажеті жоқ[2]. Кейбіреулер көкке баратынымызға үміттенеміз дейді, бірақ біз бұған сенімді бола аламыз. Құтқарылу адамзатқа жалпы ұсынылған деп сену жеткіліксіз; адам өзінің жеке құтқарылғанын білуі керек.
Өзгерген өмір – бұл адамның құтқарылғандығының дәлелі, бірақ мұндай дәлел сенімге келгендегі алғашқы сәтте болмайды. Өйткені құтқарылу нәтижелерінің пайда болатын уақыты болмады. Сондықтан тәубеге келген сәтте өзгерген өмір – сенімділік үшін негіз болмайды.
Сенуші Киелі кітаптағы құтқарылу жолын ұстанғанын біліп, өзінің құтқарылғандығына сенімді бола алады. Егер адам шынымен тәубеге келіп, Киелі кітаптық ілімге сенсе, онда оның Құдай оны кешірді деп сенуге құқығы бар. Адам тәубеге келіп, сенген кезде, Құдай оған Құдайдың баласы болғандығы туралы Киелі Рух арқылы куәлік береді.
Егер адам өзін құтқарылғандай сезінуге тырысып, бірақ шынында тәубеге келмесе, ол шатасып, өзін-өзі алдауы мүмкін.
Егер адам (1) шынымен тәубеге келсе, (2) Жазбадағы Құдайдың уәделеріне сенсе, (3) Киелі Рухтың куәлігін қабылдаса, ол алданбайды. Бұл сенім абсолютті түрде сенімді Құдайдың сөзіне негізделген. Құдай әрқашан уәделерін орындайды.
Татуласу: бұл сөз жаулардың бір-бірімен татуласқанын білдіреді. Құтқарылуда біз Құдаймен татумыз[1].
Өшірілу: бұл сөз жазбаның өшірілгенін білдіреді. Құтқарылуда біздің күнәларымыз туралы жазба өшірілді[2].
Мейірімділік таныту: бұл сөз біреудің ашуын басу үшін бір нәрсе берілгенін білдіреді. Құтқарылуда Исаның құрбандығы Құдайдың қаһарын бізден алды[3].
Азаттық: бұл сөз біреудің басқа күштің әсерінен құтқарылғанын білдіреді. Құтқарылуда біз шайтан мен күнәнің күшінен азатпыз[4].
Құнныңөтелуі: бұл сөз біреуді босату үшін төлем төленгенін білдіреді. Құтқарылуда Исаның өлімі – біздің бостандығымыз бен күнәміз үшін жазамыздың құны болды[5].
Ақталу: бұл сөз біреудің әділ немесе кінәсіз деп жарияланғанын білдіреді. Құтқарылуда кінәлі күнәһар әділ болып саналады, өйткені Иса ол үшін азап шекті[6].
Қасиетті болу: бұл сөз біреудің қасиетті болғанын білдіреді. Құтқарылу арқылы күнәһар Құдайдың қасиетті баласына айналады[7].
Бала ету: бұл сөз біреудің заңды бала болатынын білдіреді. Құтқарылуда біз Құдайдың балалары боламыз[8].
Қайта туылу / Жаңадан туылу: бұл сөз біреудің өмірді қайта бастайтынын білдіреді. Құтқарылуда сенуші жаңа өмір бастайды[9].
Белгілену: бұл сөз бір нәрсенің кімдікі екенін көрсету үшін белгілеуді білдіреді. Құтқарылуда Киелі Рух бізді Құдайдың меншігі ретінде белгілейді[10].
Студенттер төменде берілген материалды түсіндіре алады.
Рақым арқылы, сеніммен құтқарылу туралы естігенде, өздерінің құтқарылғандарына оңай сенетін адамдар бар. Мұндай адам шынымен тәубеге келмеген, өйткені ол мұндай қажеттілікті көрмейді. Ол ешқашан өзін Құдайдың сотына лайық күнәһар ретінде көрмейді. Ол рақым деген – өз қалауы бойынша өмір сүру дегенді білдіреді деп ойлайды. Ол мәсіхшілік ақиқатты қабылдағандықтан, өзін мәсіхші деп санайды, бірақ оның өмірінде ешқандай өзгеріс болмаған. Ол өз еркін Құдайға бағындырмайды, бірақ Оны өмірінің бір бөлігі ретінде қабылдайды және өз еркіне сай өмір сүруін жалғастырады. Жазбаға сәйкес, бұл Құдаймен құтқаратын қарым-қатынастың бастауы емес.
Студенттер сенім ұстанымын кем дегенде екі рет бірге оқулары керек.
Сенім ұстанымы
Иса Мәсіхтің өмірі, өлімі және қайта тірілуі бүкіл адамзаттың күнәсінің өтелуін қамтамасыз етеді. Әр адам күнәлары үшін кінәлі және өзін өзі құтқара алмайды. Әрбір күнәһар, егер тәубеге келсе, сеніммен Құдайдың рақымын қабылдап, құтқарыла алады. Сенуші ақталып, күнәнің құлдығы мен жазадан босатылады. Киелі Рух сенушіні күнәһардан Құдайдың қасиетті мадақтаушысына айналдырады. Құтқарылудың басқа жолы жоқ. Жаратылыстың жалпы құны өтелді және ол Құдайдың күшімен қайта қалпына келтірілетін болады.
Көне Келісімдегі құтқарылу
Төменде екі қосымша ақпарат берілген. Егер осы тақырыптарға қызығушылық болса, оларды студенттермен бірге өткізуге болады.
Көне Келісімде Құдай құрбандық шалу арқылы ғибадат ету жүйесін құрды. Құрбандықтар Иса сияқты құтқаруды қамтамасыз етпеді. Киелі кітапта: «Өйткені құрбанға шалынған бұқалар мен қошқарлардың қаны адамның күнәсін толығымен алып тастай алмайды»[1] – делінген. Онда неліктен құрбандық шалу керек болды? Бұл болашақта Мәсіхтің құрбандығын бейнелейтін ғибадат түрі болды[2].
Бұл Жаңа Келісімге дейін құтқарылу мүмкін болмады дегенді білдірмейді. Елші Пауыл сенім арқылы ақталу ілімін түсіндірген кезде, оның жаңадан туған ой емес екенін көрсету үшін Ыбырайым мен Дәуіттің мысалдарын келтірді[3]. Иса Нікөдемге Көне Келісімнің дін мұғалімі болғандықтан, ол жаңадан туылу туралы білуі керек екенін айтты[4]. Пауыл Тімотеге Көне Келісімдегі жазбалар оны құтқаратын даналық бере алатынын айтты[5]. Сондықтан Ізгі хабар Көне Келісім кезінде де қол жетімді болды.
Көне Келісімдегі кейбір адамдар рақымды түсінді. Олар құнның өтелуі қалай болатынын, қалай жұмыс істейтінін білмеді, бірақ олар Құдайдың құтқару үшін негізді қамтамасыз ететініне сенген. Қазіргі кезде бізде бар ғибадат ету түрлері сияқты (мысалы, Нан үзу рәсімі), құрбандық шалу да тек осы сенімнің көрінісі болды. Сеніммен және мойынсұнушылықпен бірге болмаса, құрбандық шалу пайдасыз болған. Сол сияқты, егер біздің жүрегіміз бен өміріміз Құдайға бағынышты болмаса, біздің де ғибадат ету үлгілеріміз пайдасыз.
Көне Келісім кезінде тәубеге келу мен сенім маңызды болғанын және күнәһардың кешірім мен тазаруды іздеуі керек екенін көрсететін екі үзінді бар: Забур жырлары, 50-тарау және Ишая, 1:11-18.
Алғашқы адамдар күнә жасаған кезде, барлық жаратылыс қарғысқа ұшырады[1]. Құтқарылу аяқталғаннан кейін жаратылыс қайта қалпына келтірілетін болады.
Құтқарылу – құтқарылған адамдардың рухани жаңаруынан басталады. Сенушілер күнәдан құтқарылды және олар Құдайдың жарылқауында өмір сүруде. Алайда, олар қарғыстың физикалық аспектілерінен әлі азаттық алмады. Олардың денелері әлі де қартайып, өледі.
Табиғат әлі күнге дейін күнәнің қарғысы астында. Біз оны Құдай жаратқан бастапқы күйінде көрмедік. Біз бір-біріне қайшы келетін зиянды тіршілік иелері мен жаратылыстарға толы табиғатты көреміз, онда көптеген жаратылыстар басқалар өмір сүруі үшін өлуі керек.
(1) Оқу және жазу tапсырма: Әрбір студентке төменде көрсетілген үзінділердің бірі тағайындалады. Келесі сабақтың алдында үзіндіні оқып, осы сабақтың тақырыбы туралы не айтылғаны туралы абзац жазу керек.
Ефест. хат, 2:1-10;
Ишая, 1:11-18;
Забур жарлары, 50-тарау;
Римд. хат, 8:19-25;
Римд. хат, 3:20-26.
(2) Тест: Келесі сабақты 8-сабақ бойынша тесттен бастайсыз. Дайындық кезінде тест сұрақтарын мұқият зерттеңіз.
(3) Оқыту тапсырмасы: Студент осы курсты өту кезінде кем дегенде жеті рет, курсқа қатыспайтын адамдарға осы сабақты немесе сабақтың бір бөлігін үйретуі керек. Бұл сабақ қауым тобында, үй тобының кездесуінде немесе басқа ортада өтілуі мүмкін. Сіз бұл мүмкіндіктерді жасауға және сынып жетекшіңізге есеп беруге жауаптысыз.
(4) Келесі сабаққа дайындалу үшін әрқашан келесі сабақты оқуды ұмытпаңыз.
SGC exists to equip rising Christian leaders around the world by providing free, high-quality theological resources. We gladly grant permission for you to print and distribute our courses under these simple guidelines:
No Changes – Course content must not be altered in any way.
No Profit Sales – Printed copies may not be sold for profit.
Free Use for Ministry – Churches, schools, and other training ministries may freely print and distribute copies—even if they charge tuition.
No Unauthorized Translations – Please contact us before translating any course into another language.
All materials remain the copyrighted property of Shepherds Global Classroom. We simply ask that you honor the integrity of the content and mission.