Ізгі Хабар Тарату Және Шәкірттік

Ізгі Хабар Тарату Және Шәкірттік

Кіріспе

► Студент топқа Матай 28:18—20 үзіндісін оқып шықсын.

Кейбір адамдар бұл өсиет тек елшілерге арналған деп есептейді.

► Бұл бұйрық тек оны сол күні естіген адамдарға ғана арналған ба? Жауабыңызды түсіндіріңіз.

Уильям Кэри 1761-1834 жылдары өмір сүрген. Ол Ізгі хабарды таратуға құштар Англиядан шыққан етікші болды. Оның қауымы шетелдік миссионерлік қызметке аса қызығушылық танытпады. Олар Құдайдың кімді құтқаратынын шешіп қойғанына және Ол адамның көмегіне тәуелді емес екеніне сенді.

Бағушылардың конференциясында Кэри талқылауға арналған тақырыпты ұсынды. Ол: «Исаның Ұлы аманатпен қалдырған уәдесі мынадай болғандықтан “Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін өздеріңмен бірге боламын”, Ұлы аманат дүниенің ақырына дейін қауымның мақсаты болып табылады ма?» - деп сұрады. Конференция жетекшісі: «Жас жігіт, отырыңыз. Сіз энтузиастсыз [фанатик]. Құдай басқа ұлттықтарды сенімге әкелгісі келсе, Ол мұны сіздің де, менің де көмегімсіз жасайды», - деді.

Бұл өсиет дүниенің соңына дейін орындауға қауымға берілген өсиет екенін білеміз. Иса тіпті дүниенің соңына дейін Ізгі хабарды таратушылармен бірге болуға уәде берді, бұл осы өсиет үшін жауапкершілік барлық ұрпақтар бойына қауымға тиесілі екенін көрсетеді. Елшілер бұл тапсырманы тірі кезінде аяқтай алмады, бірақ Иса Ізгі хабар барлық халықтарға уағыздалатынын айтты.[1]

Демек Ізгі Хабар үшін жауапкершілік қауымның әрбір ұрпағына мұра болып қалды.

► Матай 28:18—20 үзіндісін қайта қараңыз. Нақты не бұйырылды?

Исаның нақты бұйрығы қауымның барлық жерге баруы және Оған шәкірт дайындауы болды.

Бұл өсиет Ізгі хабарды қамтиды, өйткені адам сенімге келмейінше шәкірт бола алмайды.

Бұл өсиет қауымның Ізгі хабарды тарату мен шәкірт дайындауды өзінің басымдықтарына айналдырып, құлшыныспен әрекет етуі керек дегенді білдіреді; әйтпесе қауым өзінің бар болуының мағынасын жоғалтады.

«Бүкіл әлем» (әр ұлт, әрбір этносты білдіреді) деген тіркес өсиеттің шетелдік миссионерлік қызметтерге де қатысты екенін көрсетеді, өйткені этникалық топтар Ізгі хабарды біреу жеткізбейінше білмейді. Адамдар ұлтына және қоғамның әртүрлі топтарына жататынына қарамастан, Ізгі хабарды естуі керек.

[2]Ұлы аманат Ізгі Хабарды таратуды ғана білдірмейді. Шәкірт ету процесі де қажет, өйткені біз жаңадан тәубеге келгендерді Иса бұйырғандардың барлығын үйретуіміз керек.

Тәлімгер Мәсіхтің өсиеттерін толықтай орындауы қажет, өйткені ол жаңадан тәубеге келген сенушіге Мәсіхке мойынсұнып өмір сүрудің жақсы үлгісін көрсетуі керек.

Жаңадан тәубе еткен адам да Мәсіхке мойынсұна білуі қажет, өйткені Мәсіхтің өсиеттерін білу жеткіліксіз, оған мойынсұну қажет. Егер ол мойынсұнбаса, шәкірт дайындау ісіне қарсы тұрады. Шәкірт дайындау процесі тек оқу ғана емес, сонымен қатар мінезді қалыптастыру.


[1]Матай 24:14
[2]“Егер біз Ұстазымыздың нұсқаулары мен оның алғашқы шәкірттеріне берген сенімін қабылдап, оны толықтай ұстанатын болсақ, олардың бастапқы кездегідей, қазіргі уақытта да тиімді екеніне көз жеткізетінімізге мен сенімдімін”
Дж. Хадсон Тейлор
The Call to Service